Жас ақындар жарқылы

Жақында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жүріп жатқан «Астана көктемі» атты мерекелік онкүндігінің аясында республикалық студент ақындардың айтысы өтті. Оған еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын ең таңдаулы жас айтыскерлер қатысты. Жас ақындар жарқылы

Сөз сайысына «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының» басқарма төрағасы Жүрсін Ерман төрағалық етіп, филология ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Әлтай, белгілі айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы, ақын Қалқаман Сарин, кәсіпкер Оралбек Ботбай қазылық жасады. Айтысты ұйымдастырып, жүргізген – айтыскер ақын, ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Серікзат Дүйсенғазы. Ұйымдастыру жұмыстарын үйлестірген университеттің Әлеуметтік және азаматтық даму департаменті екенін де айта кетсек дейміз. Төрт сағатқа созылған жыр жарысындағы жүйріктердің аяқ алысы да әртүрлі болды. Көсіліп шапқандары да, тосылып жатқандары да кездесті. Дегенмен, елге енді көрініп келе жатқан жастардың қарым-қабілеті алысқа жетеріне осы айтыстың көшін отыз жылға жуық сүйреп келе жатқан Жүрсін Ерман сенім білдірді. «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық санамызды ояту мәселесі көтерілсе, соның бір жарқын мысалын біздің қанымызға сіңген айтысымыздан айқын аңғаруға болады. Айтысқа құмартатын, қазақ тілінің дәмін талғайтын балалардың қаулап өсіп келе жатқаны қуантады», деді ол. Аламан айтыстың қорытындысы бойынша бас бәйгені Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Әлихан Жақсылық жеңіп алды. Бірінші орын ЕҰУ-дің студенті Нұрғанат Қайратқа бұйырса, екінші орынды Қызылордадағы «Болашақ» университетінің студенті Бегжан Ержігіт пен Қазақ гуманитарлық заң университетінің магистранты Данияр Алдаберген өзара бөлісті. Ал жүлделі үшінші орынға Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Аруна Керімбек пен Тәттімбет атындағы Өнер колледжінің студенті Нұрмұxамед Байсүгіров лайық деп танылды. Бәйгеге қатысқан ақындардың барлығына да Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

298

Авторға сұрақ қою:


Сайттың жоғары бөлігіне оралу